Археологтардың пайымдауынша, Ақмола облысында Валерий Дубовик тапқан алып сүйек мамонтқа тиесілі болуы мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, бұл жерде бұрын да ежелгі жануарларға тиесілі сүйектер табылған.
Валерий Дубовик сүйекті балық аулауға бара жатқанда тапқан.
«Адамдар осы жерде жиі жүреді, неге байқамады, білмеймін. Бәлкім, мән бермеген шығар. Әкімдікке қоңырау шалдым, келді, қарады. Содан кейін ауданнан келді», — дейді Буденовка ауылының тұрғыны Валерий Дубовик.
Ғалымдар сол жерде өлшемдерін тіркеді. Сүйектің ұзындығы — бір метр бес сантиметр. Қалыңдығы 30-ға дейін жетеді.
«Болжам бойынша, бұл мамонттың сүйегі, олардың соңғы түрлері бізде осыдан 10 мың жыл бұрын өмір сүрген. Бірақ біз нақты уақытты айта алмаймыз, бәлкім олар бізде Мұздық кезеңінде осыдан 50 мың жыл бұрын және осыдан 10 мың жыл бұрын өмір сүрген. Бізге толық қорытындыны Ғылым академиясының палеозоологтары ғана жасай алады. Академия Алматыда, біз барлық мәліметтерді жібереміз. Олар толық қорытынды береді «, — дейді Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас ғылыми қызметкері Дана Сұлтан.
Бұған дейін мұндай олжалар Зеренді, Шортанды аудандарында және Жақсы ауданында табылған. Алайда, ежелгі жануардың қаңқасын бір-бірімен біріктіріп қалпына келтіруге әзірге көптеген бөліктер жетіспейді.
«Егер бір жерде сүйек табылса, онда осы жерді одан әрі зерттеу керек. Бұл жерде сүйектер шығуы мүмкін, тіпті бүтін қаңқа шығуы да мүмкін. Мүмкін, тіпті мамонттардың үйірі де шығады», — дейді археолог Рауан Ержанов.
Балықшы тапқан сүйекті қалаға жеткізді. Мамандар табылған жерге алдағы жазда, жаңа археологиялық маусым басталғанда қайтып оралады.