Бағдат Мусин Қазақстанның неліктен Сбер платформасын таңдағанын айтты

Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин үкімет сағаты аясында Мәжілісте сөйлеген сөзінде мемлекеттік қызметтерді ұсыну жүйесін неліктен Сбербанк платформасына көшіру жоспарланып отырғанын айтты.

«Олар [Ресей] зымыран құрастырады, Яндекс, Mail.ru жасап жатыр. Қазақстандық сервистер әзірге мұндай деңгейге жеткен жоқ. Сбердің озық технологиялары бар және олар кодтарды беруге дайын», — деп мәлімдеді министр парламентте сөйлеген сөзінен кейін журналистерге.

Ол Ресейдің қазақстандықтардың жеке деректерін ала алмайтынын айтып, мұнда ешқандай саяси астар жоқ деп мәлімдеді.

«Біз мемлекет емес, технологияны таңдадық. Біз Facebook, Google деңгейіндегі платформаларды қарастырдық. Олар кодты бере алмайды, сондықтан біз оны бере алатындармен сөйлестік. Қытайлық компаниялар кодты ұсынуға дайын болды, бірақ біз талаптары қатаң болғаны үшін келіспедік», — деп мәлімдеді Мусин. Министр қандай талаптар туралы айтылып жатқанын айтпады.

Қазақстанда цифрландыру үшін өз платформаларын жасай алатын маман жоқ

Депутаттардың сауалдарына жауап ретінде министр Қазақстанда IT саласы жедел қарқынмен дамып келе жатқанын, бірақ жергілікті мамандардың Сбер сияқты платформа жасауға әлеуеті жетпейді деп мәлімдеді.

Өткен айда Қазақстан үкіметі мен ресейлік «Сбер» компаниялар тобы арасында жарияланған меморандум қазақстандық «Ұлттық ақпараттық технологиялар» холдингі (ҰАТ) мен Сбербанк Қазақстанның мемлекеттік кепілдігімен қарыз туралы келісім жасасуын көздейді. Несие желісі ресейлік рубль күйінде «500 миллион долларға пара-пар қаражат» беріледі.

Қазақстанда аталған меморандумға байланысты сыни пікірлер айтылды. Қазақстандық әлеуметтік желілер сегментінің пайдаланушылары, соның ішінде IT-мамандар да осыған байланысты елдің егемендігіне төнетін қауіп туралы жазып, платформаны әзірлеуді отандық немесе батыстық компанияға неге тапсырмады деп сұрап жатыр.

«Біз әлі күнге дейін келіссөздер жүргізіп келеміз, ешкім бұны келісім деп айтпайды, себебі қол қойылған құжат тек меморандум ғана. Соның аясында жұмыс жүргізілуде», — деп мәлімдеді бүгін журналистерге министр Бағдат Мусин.

Добавить комментарий