Бүгін, 2021 жылғы 15 қазанда, тіркелмеген Демократиялық партияның мүшелері Қазақстан Ұлттық банкінің кіреберісіндегі табалдырықта жатып алып, ереуіл ұйымдастырды.
Наразылық білдірушілер халыққа несиелік рақымшылық жасалсын деп және олардың алдына Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевтың шығуын талап етті.
12 қазанда өткен алғашқы наразылық акциясы кезінде Досаев белсенділердің үндеуін елемеді, бұл жолы «демократтар» банкирдің назарын аударту үшін «жатып алып акция» өткізді: кейбреулері мемлекеттік мекеменің табалдырына жатып алды.
Ұлттық банктің орталық есігі жабық болды, ал белсенділерді полиция бақылап тұрды.
«Халықтың жағдайы қиын. Халық қайыршылық күйде өмір сүріп жатыр. Көбісінің сегіз-тоғыз несиесі бар. Сондықтан несиелерге рақымшылық жариялансын. Біз халықтың жүз мың арызын әкелдік, солар қаралсын», — деді баспалдақта жатқан әйелдердің бірі.
Наразылық акция Facebook-те трансляцияланды.
Ерболат Досаев тағы да наразылық білдірушілердің алдына келмеді. Ұлттық банк өкілдері оның «кездесуде» екенін хабарлады.
Оқиға орнына Есіл ауданы әкімдігінің өкілі келіп, белсенділерге «шараның заңсыз екенін» ескертті.
Демпартия белсенділері заңнаманы өзгертуге қатысты бірқатар талап қойды
Тіркелмеген Демпартия белсенділері Алматыдан елордаға келді.
Олар билік өкілдеріне бес талап қойды:
- коллекторлық компанияларға берілген проблемалық кредиттерді кешіру;
- жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы жөнінде заң қабылдау;
- банк борышкерлерінің белсенділер жинаған 100 мың өтінішін қарап, олар бойынша шешім қабылдау;
- өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін коллекторлық компаниялар мен сот орындаушыларын жауапқа тартуды қарастыратын заң қабылдау;
- шағын несиелік компаниялардың пайыз санауы, өсімпұл қосуын мемлекеттің реттеп, қадағалауы.
Алғашқы наразылық акциясынан кейін 12 қазанда билік қатысушыларға «ұсақ бұзақылық» жасады деген айып тағылып, айыппұл салынды. Аружан Дүйсебаева (бес тәулік) және Әйгерім Тілеужан (екі тәулік, 14 қазанда босатылды) тұтқындалды.
2019 жылы президенттің жарлығымен 300 мың теңгеге дейін несиесі бар 500 мыңнан астам қазақстандыққа несиелік рақымшылық жасалды.