Алматыдағы Қытай консулдығының алдындағы наразылық шарасы жалғасуда

Шыңжаңда қуғындалған туыстарына сұрау салған этникалық қазақтар Алматыдағы ҚХР консулдығы алдына наразылық шарасына шығуда.

Бір топ наразылық білдірушілер екі апта бойы Нұр-Сұлтанда болып, елордадағы бірнеше мекемеге барып, хат тапсырған.

14 қазанда туыстарына іздеу салған бес қазақстандық консулдықтың алдына келді. Олар жұбайлары, бауырлары мен ұлдарының суретін ұстап тұрды. Наразылық акциясын полицейлер мен штаттық киімдегі бір адам бақылап тұрды. Олардың алдына дипломаттар шықпады.

«Біз бірде көп, бірде аз болып шығамыз, дегенмен талабымыз бұрығыдай», — деді жиналғандар.

Наразылық білдірушілердің бірі Алмақан Мырзанның айтуынша, олардың шағымдарын Нұр-Сұлтандағы барлық мекемелер қабылдаған. Тек Қытай елшілігінен ғана ешкім шықпаған.

«Туыстарымыз Қытай түрмесінен босатылғанша тоқтатпаймыз. Сондықтан Қытай билігі, елші Чжан Сяо бізге шығып, біздің сұрақтарымызға жауап берсін «, — деді Мырзан.

Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасына қатысушыларға ірі айыппұл салынды

Сегіз айдан астам уақыт бойы Қытай консулдығының табалдырығын тоздырып жүрген этникалық қазақтар Нұр-Сұлтанға сапары аса нәтижелі болды деп санамайды.

Қытай елшілігі алдына шыққаны үшін екі рет әкімшілік жауапқа тартылып, барған он адамға жиыны 1 миллион 950 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Наразы топтың әрекетін желіде тікелей эфир арқылы көрсетіп жүрген Байболат Күнболатұлы айыппұлды төлеу үшін халықтан көмек жинап жатыр.

«Қазір менің»Каспидегі» шотыма 600 мың теңге аударылды. Тағы 300 мың теңгені қолыма берді. Айыппұлды жабу үшін 1,1 миллион теңге жинау керек. Біз тек адамдардың көмегіне ғана сеніп отырмыз», — деді Күнболатұлы.

Консулдықтың алдында наразылық білдіріп жүргендердің ешқайсысы жұмыс істемейді. Сондықтан Байболат Күнболатұлы жұрттың көмегінсіз айыппұл төлей алмайтынын айтып отыр.

Добавить комментарий