Орталықтың басшысы мен кассирі 40 млн теңге жымқырғаны үшін ұзақ мерзімге түрмеге қамалды
Павлодардағы «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-демалыс қызметі орталығының басшысы мен кассирі 40 млн теңгені жымқырғаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
21 қыркүйекте соттың үкімі шығарылды.
«Олар 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Аталған тұлғалар әртістердің қызметтер көрсетуі туралы көрінеу жалған шарттар жасау арқылы 2017- 2019 жылдар аралығында 40 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенген. Аяпбергенова өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды, кассир материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен 10 жыл мерзімге айналысу құқығынан айырылды», — делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарламасында.
«Үкім заңды күшіне енген жоқ», — деп хабарлады Павлодар қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.