Қазақстандық оқушы Дүние жүзінің бес үздік оқу орнынан шақыру алды. Данат Дүйсенбеков Ақтөбеде туып өскен. Қазір ол 18 жаста. Ол орта мектепті бітірді.
Данат Дүйсенбековті мына жоғары оқу орындары шақырды: Кембридж университеті (Ұлыбритания), Мичиган университеті (АҚШ), Джорджия технологиялық институты (АҚШ), Санта-Барбара (АҚШ) Калифорния университеті және Сан-Диего (АҚШ) Калифорния университеті.
«Маған мектеп кезінде математика ұнайтын. Орта мектепте математикаға қызыға бастадым. Нұр-Сұлтанға көшкеннен кейін олимпиадаға қатыстым. Мен республикалық олимпиадаға төрт жыл қатыстым, үш рет алтын, бір рет күміс медаль алдым. Халықаралық олимпиадаларға бардым. Ең беделдісі — Халықаралық математикалық олимпиада, ол 60 жылдан бері өткізіліп келеді. Оған жүзден астам ел қатысады. Мен 2019, 2020 және 2021 жылдары ұлттық құрама сапында болдым. 2019 жылы күміс, 2020 жылы қола, 2021 жылы тағы күміс алдым», — деді астана тұрғыны.
Данат Англиядағы Кембридж университетін таңдады — елдегі ең көне (Оксфорд университетінен кейін екінші) және ең үлкен, әлемдегі төртінші ескі университет.
«Мен математиканы оқу үшін, Кембридж университетінде оқуды ұйғардым. Оқу орны академиялық жағымен әйгілі. Оқуды бітіргеннен кейін математикамен ғылыми түрде оқығым келеді. Мұны кәсіби түрде жасап, ғылымға үлес қоссам жақсы болар еді. Мен мансабыма әлі сенімді емеспін, бірақ математика көптеген мүмкіндік ашады. IT, қаржы саласында істеуге болады. Әзірше маған математика ұнайды», — деді ол.
Қазақстандық Кембриджге құжаттарды тапсыру UCAS (University and College Admission Service) порталынан басталатынын, ол арқылы бакалавриатта оқуға Ұлыбританияның барлық жоғары оқу орынына өтінім толтырылатынын айтты.
«Академиялық көрсеткіштер жақсы болу керек, соның ішінде ағылшын тілінен тапсырған емтихандардың (IELTS, TOEFL) нәтижелері жақсы болуы керек. Сондай-ақ уәждемелік хат керек. Осыдан кейін Кембридж алдын ала іріктелген үміткерлермен сұхбат өткізеді, оның нәтижелері бойынша кімге оқуға орын ұсыну керек екенін шешеді», — деді ол.
Данат Дүйсенбеков — үйдің үлкен баласы, оның екі інісі бар.
«Ата-анам үнемі маған қолдау көрсетіп, мені мақтан тұтатынын айтып отырады. Мен Қазақстанда өмір сүргім келеді, отаным ғой. Білім алып, тәжірибе жинап, отанымыздың игілігі үшін қызмет етемін. Бос уақытымда шахмат ойнағанды жақсы көремін», — деді қазақстандық.
Болашақ студент оқушыларға шынымен де ұнататын пінді таңдап, онымен тек мектеп қабырғасында ғана айналыспау керек екенін айтады.
«Балалар мектепке мәжбүрлі түрде баратын сыңайлы. Мәселен, мектепте оқытылатын математика нағыз математикамен салыстыруға келмейді. Мен мұны халықаралық олимпиадаларға қатысқан кезде түсіндім. Мектептегі математика ғылыми деңгейді толық көрсетпейді, онда тек шағын бөлігі ғана оқытылады. Менің ойымша, бұл басқа салаларға да қатысты. Мен мектепте нашар оқытылады деп айтқым келмейді, тек қана мектеппен шектеліп қалмау керек», — деп түйіндеді Данат Дүйсенбеков