Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі әскери бөлімде болған өрттен зардап шеккендердің саны артқанын хабарлады.
«Облыс орталығында апат аймағынан эвакуацияланған адамдар үшін 400-ден астам орын дайындалды. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қазіргі уақытта 32 дәрігер мен 56 медицина қызметкері жұмылдырылды. 23:30-дағы жағдай бойынша Тараз қалалық №1 ауруханасына 51 адам, Байзақ аудандық орталық ауруханасына 10 адам жеткізілді. Көбі жеңіл жарақаттар алған, екеуінің жарақаты ауыр», — деп хабарлады облыс әкімдігі жұмаға қараған түні.
Еске сала кетейік, 26 тамыз күні сағат 19:00-де Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Өрт салдарынан анықталмаған заттар жарылып, кейінірек қорғаныс министрлігі алты жарылыс болғанын хабарлады. Оқиға орнына қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев бастаған комиссия аттанды. Жарақат алған адамдар Тараз қаласының ауруханасына жеткізілуде.
Тараз маңындағы әскери бөлімде болған жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жарылысқа байланысты бірнеше бағыт бойынша теміржол қозғалыс жабылды, пойыздар тоқтап тұр. Алматы-Ташкент-Термез автожолында қозғалыс шектелді
26 тамызда түнге қарай Қорғаныс министрлігі зардап шеккендердің 12-сі әскерилер екенін хабарлады.