Беларусь ауқымды әскери оқу-жаттығуларға дайындалып жатыр. Елде Ресеймен бірлескен стратегиялық оқу-жаттығу жиындары өтеді.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Брест және Минск облыстарында басталған Беларусь-Ресей тылдық және техникалық қамтамасыз ету күштерінің бірлескен оқу-жаттығуларына 1 300-ден астам әскери қызметші мен 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Бұл туралы дүйсенбі күні Беларусь Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«23-27 тамыз аралығында Обуз-Лесновский полигонында (Брест облысы), «Лесище» оқу орталығында (Минск облысы Минск-Могилев трассасы жолының әуеайлақ учаскесі), сондай-ақ тылдық және техникалық қамтамасыз ету әскери бөлімдерінің тұрақты орналасу пункттерінде Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы қарулы күштерінің тылдық, техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдарымен бірлескен арнайы оқу-жаттығу жиындары өткізіледі», — делінген Қорғаныс министрлігінің сайтында.
Беларусь қорғаныс ведомствосы оқу-жаттығудың басты мақсаты — әскери басқару органдарының, екі елдің қарулы күштерін техникалық және тылдық (материалдық-техникалық) қамтамасыз ету күштерінің бірлескен іс-қимылға дайындығы мен қабілеттілігін тексеру, сондай-ақ «Батыс-2021» бірлескен стратегиялық оқу-жаттығуларына дайындық болып табылатынын атап өтті. Оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер «әскери-автожолдар мен теміржол бағыттарындағы нысандарды техникалық бүркемелеу, қозғалыс бағыттарындағы жол-коменданттық қызметті ұйымдастыру, ұшу аппараттарының жолдың әуеайлақ учаскесіне қонуын инженерлік-әуеайлақтық және әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету және олардың қайтадан ұшып шығуы мәселелері бойынша» тылдық және техникалық қамтамасыз ету міндеттерінің барлық спектретін пысықтайды.
«Батыс-2021» бірлескен стратегиялық оқу-жаттығу жиындары 10-16 қыркүйекте Беларусь пен Ресей полигондарында өтеді.