СІМ Қазақстанның «Талибанды» мойындамайтынын айтты.

Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин еліміздің «Талибан» қозғалысымен саяси байланысы жоқ екенін хабарлады.

Жұма күні өткен брифингте Қазақстан билігі Ауғанстанды басып алған «Талибан» қозғалысын (ҚР-да тыйым салынған) мойындамағанын айтты.

«Біз «Талибанды» біз мойындамадық. Кеше СІМ Ауғанстандағы ахуалға байланысты ресми мәлімдеме жасағанын білесіздер, ол біздің ұлттық БАҚ беттерінде жарияланды. Қазақстан осы елдегі жағдайды мұқият бақылауды жалғастырамыз», — деді Рахметуллин Қазақстанның «Талибанға» қатысты ұстанымы туралы сұраққа жауап бере отырып.

Ол Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің инклюзив және репрезентатив үкімет құру, ұлттық азшылық пен әйелдердің құқығын құрметтеу, басқа мемлекеттерге қауіп төндіретін топтар болуына жол бермеу, халықаралық құқықты сақтау туралы мәлімдемесін құптайтынын атап өтті.

«Бұл ретте, көп жылдық тәжірибе ауғандықтардың өздері жүргізіп отырған бейбіт процестің баламасыздығын көрсетті. Бұл елдің азаматтары өздерінің тарихи тәжірибелері мен әлеуметтік-саяси шындықтарына сүйене отырып, мемлекеттік және әлеуметтік құрылымның ең оңтайлы моделін өздері анықтауы керек» , — деп нақтылады сыртқы істер министрінің орынбасары.

Оның айтуынша, Қазақстанның «Талибанмен» ешқандай саяси байланысы болған жоқ. «Саяси деңгейде немесе басқа деңгейлерде байланыстар болған жоқ», — деді Рахметуллин.

Добавить комментарий