Батыс елдері дипломатиялық ведомстводағы қызметкерлерін эвакуациялап жатқанына қарамастан, қазақстандық дипломаттар Ауғанстанда жұмысын жалғастырады.
Еске сала кетейік! Ауғанстанда билік Талибанның (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қолына өтіп жатыр. Күні кеше содырлардың өкілдері Кабулдағы президенттік сарайы алынғаннан кейін Ауғанстандағы соғыс аяқталды деп жариялаған.
Ауғанстанның экс-президенті Ашраф Ғани Тәжікстанға қашып кеткеннен кейін өкілеттігін тоқтатып, отставкаға кеткенін жариялады. Талибан өкілі Мохаммад Наим елді басқарудың жаңа формасы шетелдік күштер ел аумағынан кеткеннен кейін белгілі болады деп мәлімдеді. Тәліптер кезекті рет бейбіт халықаралық қатынастар орнатуға дайын екенін мәлімдеді. Бейбіт тұрғындарға қатысты күш қолданылмайды.
Дегенмен, Батыс елдері азаматтары мен елшіліктегі қызметкерлерін эвакуациялап жатыр. Өткен демалыс күндері желіде кадрлардан Кабулдағы әуежайға барар жолда ұзын-сонар кептеліс пайда болғанын көруге болады. АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Жапонияны қоса алғанда, 60-тан астам ел бірлескен мәлімдеме жасап, Ауғанстаннан кеткісі келетін шетелдіктер мен ауғандықтардың кетуін қамтамасыз етуге шақырды.
ҚР СІМ хабарлағандай, Ауғанстанда елші мен бірнеше қызметкерден басқа қазақстандықтар жоқ. Елшілік шектеулі құрамда жұмыс істеп жатыр.
«Ауғанстан жерінде Қазақстан азаматтары жоқ. Барлығы ел аумағын тастап кетті. Дипломаттар жұмысын жалғастырып жатыр, біз оларды эвакуациялауды жоспарлап отырған жоқпыз», — деп хабарлады СІМ өкілі.
«Ауғанстандағы жағдай сағат сайын өзгеру үстінде, сондықтан нақты шешім туралы айтуға әлі ерте», — деді СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров.
Кейбір ауғандықтар тәліптер бұрынғыдай қатаң түрде шариғат пен ислам діни заңдарға қайта ұстану мүмкін деп қауіптенеді. 1996-2001 жылдар аралығында әйелдерге жалғыз көшеге шығуға және жұмыс істеуге тыйым салынған.
Бұған дейін Талибан өкілі Мұхаммед Наим тәліптер әйелдер мен балалар құқықтарын тек шариғат аясында құрметтейтінін мәлімдеген болатын.
Ауғанстандағы билік тәліптердің қолына өтуіне байланысты АҚШ-та президент Байденге қатысты әр түрлі сыни пікір айтылды. Экс-президент Дональд Трамп Байденнің әрекеттерін Американың ең үлкен жеңілісі деп бағалады. Оның пікірінше, Байден «отставкаға кетуі керек». Өз кезегінде АҚШ конгресінің өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси айқын мақсаттары мен әрекеттері үшін АҚШ президентіне алғыс айтуға шақырды.