Украина президентінің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров «Украинадағы Беларусь үйі» басшысының өлімін тергеу барысы Зеленскийдің жеке бақылауында екенін хабарлады.
Президенттің баспасөз қызметінің басшысы ел аумағында тұратын белорустар өздерін қауіпсіздікте екенін сезіну маңызды екенін атап өтті
Украина президенті Владимир Зеленский «Украинадағы Беларусь үйінің» басшысы Виталий Шишовтың өліміне қатысты тергеуді жеке бақылауына алды. Бұл туралы сейсенбі күні өткен брифингте Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Сергей Никифоров мәлім етті.
«Біз полиция қорытындысын мұқият қадағалап отырмыз, Президент бұл істі жеке бақылауына алды. Бізге Украинаның Беларусь халқын қолдайтынын білдіру маңызды және былтыр жазда және күзде болған оқиғалардан кейін Украинаға келген белорустар өздерін қауіпсіз сезіну біз үшін өте маңызды», — деді ол.
Сейсенбі күні Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Киев бұл істі толық тергеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына уәде беріп, Украина үшін шындықтың бетін ашу өте маңызды екенін айтты.
Украина полициясы сейсенбі күні таңертең Киевтегі саябақтардың бірінде Беларусь азаматы — «Украинадағы Беларусь үйі» қоғамдық ұйымының басшысы Виталий Шишовтың денесі табылғанын хабарлады. Украина Қылмыстық кодексінің 115-бабы («Қасақана кісі өлтіру») бойынша іс жүргізу қозғалды. Тергеушілер әзірге екі негізгі нұсқаны қарастырып жатыр — өзін-өзі өлтіру немесе өзін-өзі өлтірген қылып көрсетіп, қасақана кісі өлтіру. ЕО Украина билігін мұқият тергеу жүргізуге шақырды.
«Украинадағы Беларусь үйі» елін тастап кеткен және Украинада тұратын Беларусь азаматтарына құқықтық және өзге де көмек көрсетеді.