Қостанай облысында келіншек өлім ауызынан қалды. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, екі әйел бәстесіп, нәтижесінде қайғылы оқиға орын ала жаздаған.
Ведомствоның мәліметінше, 19 шілдеде күзетілетін Қызыл-Жар су қоймасында суға батып бара жатқан әйел құтқарылды. Сағат 19:25 шамасында полиция старшинасы Талғат Ыстыбаев аумақты аралау кезінде көмекке шақырған айқайлаған дауысты естиді.
Жан-жағына қарағанда көпірден шамамен 50 метр қашықтықта келіншекті байқайды. Ол су қоймасының шлюздеріне қарай батып бара жатты.
Тәртіп сақшысы құтқару шеңбері мен жіпті алып, көпірден төмен түсіп, бетоннан жасалған тасқа аяғын қойып, суға батып бара жатқан жерден жағаға алып шықты.
Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі келді. 29 жастағы қыздың айтуынша, ол құрбысымен жағалаудың арғы бетіне жүзіп өтем деп бәстескен, алайда оның күші жетпей, ол суға батып кетеді.
Келіншек судан алып шыққаны үшін алғысын білдірді.