АҚШ: прокуратура фейсбуктен вакциналар туралы жалған ақпарат тарататын парақшалардың тізімін талап етті

Фейсбук прокуратураға COVID-19 қарсы вакциналар туралы жалған ақпарат тарататын, сонымен қатар өшірілген парақшаларды ұсынуға міндеттелді.

Axios жаңалықтар порталының хабарлауынша, Колумбия округінің бас прокуроры Карл Расин Facebook компаниясынан әлеуметтік желіде жаңа коронавирусқа қарсы вакциналарға қатысты жалған ақпарат тарататын топтар мен парақшалар туралы құжаттар мен мәліметтерді талап етті.

Бас прокурор осы мәліметтерге сүйеніп тексеру жұмыстарын жүргізеді, оның мақсаты — компанияның вакциналар туралы жалған ақпаратқа қарсы күрес бойынша өз міндеттемелерін орындаған-орындамағанын анықтау. Топтардың тізімі пен парақшалардан бөлек, америкалық шенеунік басқа құжаттарды ұсынуды, соның ішінде әлеуметтік желі ережелерін бұзып, дезинформациямен күрес аясында өшірілген контенттің көлемін, сондай-ақ әлі күнге тексеруден өтіп жатқан контент туралы деректерді ашуды талап етті.

«Тергеудің міндеті — Facebook өз сайтында жалған ақпаратты жою үшін барлық шараларды қолданып жатқанына көз жеткізу», — делінген прокурордың баспасөз хатшысының мәлімдемесінде. Оның айтуынша, компания вакциналар туралы жалған ақпаратпен күресу үшін қолдан келгеннің барын жасаймыз деп сендірген, алайда, «олардан жүргізілген жұмыс нәтижесін көрсетуді сұрағанда, Facebook оны ұсынудан бас тартқан».

Бұған дейін АҚШ-тың 12 штатының бас прокурорлары Facebook пен Twitter-ді компаниялары жаңа коронавирусқа қарсы вакцинация туралы жалған ақпаратқа қарсы күреске жеткілікті күш жұмсамады деп айыптаған болатын.

Facebook пандемия басталғалы бері әлеуметтік желіде коронавирус туралы жалған мәліметтерді таратуға қарсы күреске білек сыбана кіріскен, мыңдаған жазбаларды өшірді, сондай-ақ пайдаланушыларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қандай да бір теріс теория немесе жалған ақпарат туралы түсініктемелерін ұсынды.

Добавить комментарий