Ақмола облысында қатарынан екі қылмыс жасалды, жәбірленушілер дене жарақатын алды. Полиция қызметкерлері қос қылмысты ізін суытпай ашты.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 30 маусымда түнгі уақытта Көкшетау-2 стансасында жергілікті екі тұрғын сөзге келіп қалып, оның соңы төбелеске ұласқан. Жанжал кезінде күдікті бірнеше рет жәбірленушінің денессіне бұрауыш сұғып алған.
«Қанды қылмыстан кейін шабуылшы оқиға орнынан қашып кетті. Нәтижесінде жәбірленуші ер адам арқа тұсынан алған жарақаттарымен облыстық ауруханаға жеткізілді. Алайда полицейлер қылмыскерді «ізін суытпай» ұстады. Ол 35 жастағы жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Арадан бірнеше сағат өте салысымен полицияға Бурабай ауылында 23 жастағы Щучинск тұрғынын сабап кетті деген хабарлама келіп түсті.
Бұл жайт дәмханалардың бірінде орын алды. Полицейлер қылмыскерді екі сағат ішінде ұстады. Ол Зеленый Бор ауылының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. ҚР ҚК-нің 107-бабы 1-бөлігі «Денсаулыққа қасақана орташа ауыр зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.