ШҚО-да тұтас бір ауыл қарызға белшесінен батты

Шығыс Қазақстанда ауыл тұрғындары бөтен біреудің қарызын төлеуге мәжбүр. Оны өтеуге адамдардың жалақысы ғана емес, мүлкі де жетпейді.

Шығыс Қазақстан облысы Макеевка ауылының тұрғындары 145 миллион теңге несие алған фермердің кесірінен қарызға белшесінен батты.

Ауыл тұрғыны Елена Проскурякова шошқа фермасында жұмыс істейді, бірақ жалақысының жартысы өзіне бұйырмайды, ақшаның қалған бөлігі бөтен біреудің несиесі үшін ұстап қалады.

Бұған дейін әйел шаруа қожалығында жұмыс істеген, сол жердің бастығы оған үш миллион теңге болатын (7 000 доллар) несие алуға мәжбүрлеген. Ол несиені төлемей-ақ қойсаң болады деп сендірген.

Алайда қарызды Елена төлеп жүр. Соның кесірінен жақында қйтыс болған күйеуін жерлеу үшін әрең ақша тапқан. Ал енді ұлының көзіне үшінші рет ота жасатуы керек.

Одан бөлек ауылдың тағы 30 тұрғыны алданып қалған. Зейнеткерлердің шоттарынан да ақша ұстап қалады. Бәрі алданып қалғанын айтып отыр. Несие алуға қол қойғаны үшін қосымша 150 мың теңгеден (350 доллар) төлеуге уәде берген.

«Біз ақшаны алған жоқпыз және көрмедік те. Бәрімізді шақырып, алдымызға қағаз бен парақ қойды. Аты-жөнімізді жазып, қол қойдық. Бәрі қол қойды, сосын әрқайсымыздың басымызға үш миллион теңге несие ілінгенін білдік», — деп наразы болды Ольга Толмачева.

Ауыл тұрғындарының бірі Нұрзипа Насимолдина фермерге алданып, өз атынан несие алып қана қоймай, келіні мен қызынан несие алуды сұраған.

Инстанцияға жазған арыздары нәтиже бермеді. Адвокатты жалдауға ақшасы жоқ. Қазір оларға құқық қорғаушы Татьяна Дерябина көмектесіп жүр. Оның сіңлісі де зардап шегуші болып шықты.

«Бір айдың ішінде екі тергеуші ауыстырылды. Процесс әлі де ұзаққа созылады. Кредиттің жалпы сомасы — 145 миллион теңгеден асады. Ауыл тұрғындарын алдап кеткен адамның ЖШС-і бар. Қиындыққа тап болғаны көрінбейді, өз кәсібін дөңгелетіп отыр», — деп мәлімдеді Татьяна Дерябина.

 

Добавить комментарий