Коллективті пікір: Қазақстандық ғалымдар мен дәрігерлер ҚазВакты салдыруға кеңес бермейді

Қазақстанның медициналық және ғылыми қауымдастығы коронавирустық инфекцияға қарсы қазақстандық вакцинаны салдыруға кеңес бере алмайтынын хабарлады.

Medsupportkz қауымдастығының ғалымдары мен дәрігерлері өз пікірлерін вакцина жасау үшін қолданылатын адам денсаулығына қауіпті препаратты өңдеу туралы жеткілікті ақпараттың болмауымен негіздеді.

Қоғамдастықтың мәлімдемесі Telegram және Instagram-да жарияланды.

Төменде мәлімдеменің толық мәтіні келтіріледі:

«20 мамырда біз @ healthcare.gov.kz ҚББ ҒЗИ бас директорының ғылым және коммерцияландыру жөніндегі орынбасары Ерғали Әбдірайымовтың қатысқан онлайн-дәріс өтті, онда QazVac туралы өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойдық. Дәріс барысында күмән туғызған бірнеше аспектіні білдік. Олардың бірі — вирустың инактивация процесінде формальдегидті пайдалану.

Формальдегидтің вакциналарды өндіру үшін қолданудың үлкен тарихы бар, ол өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсетті. Алайда оның кемшіліктері бар. Әрбір вирустың формальдегидпен инактивациясы мұқият зерттелуі тиіс және әрбір вирус үшін белгілі бір зертханалық хаттама әзірленеді. Біз дәріс барысында инактивация процесінің температурасы, концентрациясы мен ұзақтығы, вирусты тазалау мен өсіру туралы сұрағанымызда, ешқандай ақпарат алған жоқпыз.

Формальдегид — нуклеин қышқылдарымен әрекеттесетін зат. Оның кемшілігі — ол вирустың қабығындағы ақуызды — S-ақуызды да өзгертеді. Вирустағы мұндай өзгерістер иммундық жауап беру тиімділігіне әсер етуі мүмкін. Зерттеуде тиімділікті көрсеткен коронавирусқа қарсы вакцина өндірісінде формальдегидті пайдаланбаған. Біз формальдегид пен коронавирустың өзара әрекеттесуі туралы ғылыми әдебиеттерді іздедік, бірақ мәлімет жеткіліксіз. Бізде қазақстандық ғалымдардың да, халықаралық дереккөздердің де дерегі жоқ.

Сондай-ақ, дәріс барысында тиімділіктің 96 пайызы сероконверсия негізінде есептелгенін білдік — вакциналанған еріктілерде пайда болған антиденелер саны. Бұл жерде бірнеше проблема болуы мүмкін. Біріншіден, антиденелер анықталған сынақтама туралы барлық ақпаратты және қандай бақылау қолданылғанын білмейміз. Екіншіден, вакцинаның тиімділігі екпе салдырған адамдарды қалай қорғайтыны негізінде есептелген. Антиденелердің болуы вирустан қорғауға кепілдік бермейді. Әлемдік тәжірибеге сәйкес (Pfizer, Moderna, AstraZeneca, Sputnik V вакциналары) тиімділік ұзақ уақыт аралығында осы вакцинаны салдырған еріктілердің оң ПТР-тесттерінің саны негізінде есептеледі. Бұл көрсеткіш вакцинаның инфекциядан қорғауға қабілетті екенін анық көрсетеді. Сондықтан антиденелер санына негізделген QazVac тиімділігін есептеу әдісі күмәнді».

«Біз бірнеше ай бойы әзірлеушілерді QazVac сынақтарының клиникалық кезеңдері бойынша деректер жариялауға шақырдық. Біз әрқашан отандық ғылымды қолдаймыз, алайда ғалым, дәрігер бола тұра статистикалық мәліметтердің толық болмауы, өндіріс процесі туралы ақпаратты ашудан бас тарту және қоғамда таралған басқа да ақпарат бізге осы вакцина туралы ғылыми ақпарат берілгенге дейін QazVac вакцинасын жаппай қолдануға кеңес беруге мүмкіндік бермейді».

Medsupportkz — медицина, денсаулық сақтау және жеке денсаулыққа қатысты ғылыми және эмпирикалық ойлауды насихаттайтын ғалымдар мен медицина қызметкерлерінің қауымдастығы. Medsupportkz 2020 жылдың мамыр айында құрылды.

Добавить комментарий