Қазақстан президентінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.
Мемлекет басшылары екіжақты күн тәртібіндегі барлық бағыт бойынша қазақ-өзбек қатынастарының даму қарқыны жоғары екенін атап өтті.
«Президенттер стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екенін айтып, өзара ықпалдастықты кеңейтудің нақты мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы, көлік салалары бойынша жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, екі ел үкіметтерінің тығыз қарым-қатынас жасауы қажет екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, Ауғанстандағы ахуалға байланысты Орталық Азияның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын күшейту мақсатымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін нақтылады», — делінген Ақорданың хабарламасында.