Прокурорларға айыптау актісін жасау өкілеттігі беріледі

Тұжырымдама мен қылмыстық процестің үш буынды моделі бойынша әзірленген заң жобасын негізге ала отырып, қылмыстық істі тергеу нәтижелері бойынша айыптау актісін жасау прокурорларға жүктелетін болады. Қазіргі уақытта оны тергеушілер ҚР ҚІЖК-не сәйкес әзірлеуде.

Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев мәлім етті.

«Заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, азаматтар оны толығымен «Ашық НҚА» сайтында көре алады.

Оның мазмұны істердің санаттары мен түрлері бойынша жаңа модельге кезең-кезеңімен көшу бойынша барлық мүдделі органдардың келісілген ұстанымын көрсетеді.

Бұл жердегі негізгі новелла — прокурорлар процессуалды шешімдерге келісімін беріп, сонымен қатар айыптау актісін өздері жасайды. Қазір бұл өкілеттілік тергеушіге бекітілген», — деп түсіндірді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер үш кезеңде өтеді: «2022 жылды кісі өлтіру ісімен бастайық.

2023 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық ісін қамтитын боламыз. Реформа 2024 жылы қылмыстардың барлық санаттары бойынша үшінші кезеңмен аяқталады.

Бұдан басқа, прогрессивті елдердегідей құқық бұзушылықтың кейбір түрлері бойынша тергеу нысандары жеңілдетілетін болады. Бұл мәселеде ұтымдылық пен үнемдеу қағидаттарын негізге аламыз.

Күтілетін нәтиже — бұл азаматтарды ұзақ тергеу амалдарымен шаршатпай, бұзылған құқықтарды тез қалпына келтіру мүмкіндігі.

Сонымен қатар, бұл құқық қорғау қызметкерлерінің күш-жігерін ауыр қылмыстарды тергеуге шоғырландыруға мүмкіндік береді», — деп хабарлады Шалабаев.

Бас прокуратура бұл жаңашылдық қылмыстық процес танылған әлемдік стандарттарға жақындатуға мүмкіндік береді деп санайды.

Добавить комментарий