Әзірге Ресейде Кремльдің бақылауында жалғыз сала — интернет болмағандықтан, Мемлекеттік Думада халықаралық IT-компанияларға ықпалын күшейту мақсатында жаңа заң жобасы әзірленді.
РФ Мемлекеттік Думаның депутаты Александр Хинштейн шетелдік технологиялық компанияларға Ресейде кеңсе ашуға міндеттеу туралы ұсыныс жасады. Егер олардың басшылығы бағынудан бас тартатын болса, жарнамаға тыйым салу секілді санкцияларға ұшырайды.
Ресей интернетте бақылауды күшейтуге және шетелдік компаниялар мен елдерге тәуелділігін азайтуға тырысуда. Жақында Twitter-мен болған жанжал Мәскеудің білек сыбана кіріскенін көрсетті. Ендігі кезек Apple, Facebook, TikTok, Google және т.б. келген сияқты.
Хинштейн шетелдік IT-компанияларды монополист ретінде жағдайын асыра пайдаланып отыр деп атады. Заң жобасы Ресейде тыйым салынған контентті жариялаған интернет-компанияларды жауапкершілікке тартуға бағытталған. «Біздің заң жобамыз Ресейде күнделікті аудиториясы шамамен 0,5 млн адам болатын ірі ақпараттық ресурс иелерінің мүдделерін білдіретін және олардың қызметіне жауап беретін ресми кеңсе ашуға міндеттейді», — деді РФ Мемлекеттік Думаның депутаты өз ұсынысына түсініктеме бере отырып.
Бұл талапты орындамағаны үшін компанияларға өз қызметтерін жарнамалауға, жарнама орналастыруға, төлем және ресейліктердің жеке деректерін жинауға тыйым салынуы мүмкін. Ресми тұлғалардың айтуынша, Үкіметте 60-тан астам бұлтартпау шараларының топтамасы талқыланып жатыр.
2021 жылдың сәуірінде РФ-да смартфонды алғаш қосқанда ресейлік бағдарламалық қамтамасыз етуді ұсынуға міндеттейтін заң күшіне енді.
Егер Ресей Үкіметінің Twitter-ге айып санкциясын салуға не себеп болғанын саралайтын болсақ, онда Кремль алдағы митингілер туралы ақпараттың таралуына жол бермеуге, сайлау алдындағы үгіт-насихат туралы жарияланымдарды бақылаула ұстауға әрекет етіп жатыр деген қорытынды жасауға болады.
Әлемдік IT-компаниялар өз ережелеріне сәйкес балалар порнографиясы, суицид, есірткі, терроризм мен экстремизмді насихаттау сияқты тыйым салынған контентке қарсы күрес жүргізіп келеді.