Бүгін Сирияда президент сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталды. Сайлау учаскелері сағат 19:00-ге дейін ашық болады.
Сирия Араб Республикасында президент сайлауында дауыс беру сәрсенбі күні басталды. SANA агенттігінің хабарлауынша, дауыс беру учаскелері таңғы сағат 07:00-де ашылып, сағат 19:00-ге дейін жұмыс істейтін болады.
Мемлекет басшысы лауазымына үш үміткер бар: Башар Асад, социалистік-юнионистер партиясының бұрынғы депутаты Абдалла Саллюм Абдалла және патриоттық оппозиция өкілі Махмұд Ахмед Мураи.
Сейсенбі күні Дамаскіде өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрі Мұхаммед Рахмонның хабарлауынша, дауыс беруге 18 млн-нан астам азамат қатысады. Оның айтуынша, билік коронавирусты жұқтыру қаупін ескере отырып, алдын ала қажетті санитарлық-алдын алу шараларын жүргізген.
Соңғы бірнеше күнде Дамаскіде және басқа да қалаларда ұлттық бірлікті қолдау мақсатында бұқаралық шерулер өтті. Ұйымдастырушылар азаматтарды 26 мамырда өтетін сайлауға белсене қатысуға шақырды. Сонымен қатар, Сирияның Al-Watan газетінің хабарлауынша, Дамаскіде террористер дауыс беруге кедергі келтіру мақсатында қарулы шабуыл жасауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Осы себептен сириялық билік сайлау учаскелерінде қауіпсіздікті қорғауды қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдады.