Абай ескерткішін қорлаған бармен 7 тәулікке қамалды

Павлодар қаласының 20 жастағы тұрғыны Абай ескерткішін қорлағаны үшін жеті тәулікке қамауға алынды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен бейсенбі, 20 мамыр күні сағат 21:00 шамасында облыс әкімдігі ғимаратының жанында орналасқан ойын-сауық орнында жұмыс істейтін бармен ұлы ағартушы Абай Құнанбаевтың ескерткішіне тауық жұмыртқасы мен дәретхана қағазын лақтырып, ұсақ бұзақылық жасады.

Сотта бұзақы кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Ол қызымен жанжалдасып қалғаннан кейін мұндай әрекетке барған.

Бұған дейін бұзақы өзінің әрекеті үшін Павлодар облысының тұрғындары мен барша қазақстандықтардан кешірім сұрап, ескерткішті өзі жуып-тазалаған болатын.

«Сот бұрын бұл азаматтың қала мен елді мекен аумақтарында абаттандыру ережелерін, қоғамдық орындарда ластап, алкогольдік ішімдіктерді ішіп, қоғамдық орынға мас күйінде келгені үшін, адамның қадір-қасиеті мен қоғамдық имандылықты қорлағаны үшін және тыныштықты бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын ескере отырып, ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша оны кінәлі деп танылып, жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды», — делінген соттың хабарламасында.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ, павлодарлық бұзақы 2018 жылғы қарашада жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашып кеткені үшін жауапкершілікке тартылған.

Добавить комментарий