Шығыс Қазақстан облысында орман өрті салдарынан жақын маңда орналасқан ауылдағы 35 үй өртеніп кетті. Бұған дейін қызыл жалын тұрғын үйлерді шарпығаны хабарланған болатын.
Өрт орнында жергілікті атқарушы органдардың, ШҚО ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелерінің және орман шаруашылығының жеке құрамынан 208 адам және 47 дана техника жұмыс істейді. Жану алаңы — 310 гектар.
«Өртті сөндіру үшін күш пен құрал жеткілікті. Оқиға орнына қосымша 3 автоцистерна мен 15 құтқарушы барады. Қажет болған жағдайда көмекші техника жұмылдырылады», — деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Аймақта жедел желі телефоны іске қосылды. Көмекке мұқтаж адамдар: 8 (7232) 55-38-19 нөміріне қоңырау шала алады, онда психологтар да жұмыс істейді.
ШҚО ТЖД дағдарыс орталығында жедел штаб құрылды.
Бүгін, 10 сәуірде Шығыс Қазақстанда орман өртенді. Риддер қаласының маңындағы Лесхоз кентінде бірнеше үй өртеніп кетті. Құрбан болғандар бар. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШҚО-дағы өрттен зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды.