Өзбекстаннан Қазақстанға 971 мың доллар алып өтпек болған контрабандашылар ұсталды

Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілдері Өзбекстаннан Қазақстанға шетел валютасын заңсыз алып өтпек болған үш күдіктіні ұстады.

Олардың екеуі «Узбекистон темир йуллари» акционерлік қоғамына қарасты локомотив депосының машинисі болып жұмыс істейді. Олар ақшаны жүк электровозының құпия жеріне жасырып қойған.

Өзбекстан Республикасы МҚҚ ұсынған ақпаратқа сәйкес, ведомство қызметкерлері жүргізген арнайы операция барысында Қазақстанға бет алған «Өзбек темір жолдары» АҚ жүк пойызының екі машинисі елімізге 971 мың доллар, 47,7 мың еуро және 3,4 миллион Ресей рублін заңсыз әкетпек болған кезде ұсталғаны белгілі болды.

Олар ақшаны өздері жүргізіп келе жатқан электровоздағы құпия орынға жасырған.

Тергеуге дейінгі тексеру барысында ақшаны Қазақстанға әкету үшін машинистерге Ташкент облысы Зеңгі ата ауданының тұрғыны бергені анықталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында ол да ұсталды.

Машинистер Қазақстанға шетел валютасын заңсыз әкеткені үшін 300 доллар алғаны анықталды.

Осы электровозды Келес теміржол станциясында қайта тексеріс кезінде тағы 1050 доллар тауып, тәркіледі.

«Жүргізілген жедел іс-шара барысында МҚҚ қызметкерлері ел аумағынан 1 миллион доллардан астам сома қолма-қол ақшаны заңсыз әкетудің жолын кесті», — деді ведомство өкілі.

Тәркіленген шетел валютасының жалпы құны 11 миллиард сумды құрайды.

Аталған тұлғаларға қатысты қозғалған қылмыстық іс шеңберінде МҚҚ-ның тергеу басқармасы Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 182-бабы бойынша осы ақша қаражатының шынайы иелерінің жеке басын анықтау жөнінде қажетті шаралар қабылдауда.

Анықтама! ӨР ҚК сәйкес, қолма-қол валюта контрабандасы 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Добавить комментарий