Алматыда арнайы операция барысында қаланың ықшам аудандарының бірінде есірткі жасырын жерге қойып кеткен жігіттер ұсталды. Арнайы іс-шараның мән-жайы туралы Бостандық ауданы ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Ғалым Қасымбаев айтып берді.
Хабарланғандай, ұсталған жігіттер 20 және 22 жаста.
«Біздің бөлімнің қызметкерлері күдіктілерді таңғы алтыда “Көктем” ықшамауданында қолға түсіру бойынша арнайы іс-шараны жүргізді, нәтижесінде 2000 жылы туған К.есімді азамат және 1999 жылы туған С.есімді азамат ұсталды, бұрын есірткімен байланысты қылмыстары үшін жауапқа тартылған. Іс жүргізу тәртібінде олардан ұнтақ заты бар 72 орама тәркіленді, олардың тиесілігін қылмыстық іс шеңберінде тағайындалған сараптама анықтайды», — деді Қасымбаев.
Тергеу жұмыстары жалғасуда.