Нұр-Сұлтандағы сот спорт, дене шынықтыру істері жөніндегі комитет төрағасының бұрынғы орынбасарларына қатысты қозғалған қылмыстық іс материалдарын қарауға кірісті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет екі күдіктіге қатысты тергеудің аяқталғанын хабарлады.
Олардың бірі Риддердегі олимпиадалық резервтегі республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің 300 орындық оқу корпусын салу кезінде жұмыстарды нақты орындамай мердігердің шотына заңсыз ақша аудару арқылы 350 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді
«Тағы біреуі жоғарыда аталған нысан бойынша актілерге қол қойғаны үшін аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінді. 8 сәуірде іс сотқа жолданды», — делінген хабарламада.
Ведомство 15 қаңтарда Өскеменнің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен спорт істері жөніндегі комитет төрағасының бұрынғы орынбасарларына қатысты істі тоқтатуға көмектесеміз деп пара беруге азғырған алаяқтар жеті және 10 жылға бас бостандығынан айырылғанын еске салды.
Аса ірі көлемде 40 млн теңге сомасында пара беруге азғырғаны үшін Баймадиев Д.Е. 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды; Басболатов Ж.Е. пара беруге арандатқаны және алаяқтыққа оқталғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.