Қасым-Жомарт Тоқаев полицейлерге берілетін төлемдер туралы заңға қол қойды

Қазақстанда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы авариялық-құтқару қызметінің жұмысын оңтайландыруға бағытталған жаңа заңға қол қойылды. Сонымен қатар, аталған заң жобасында ішкі істер органдары қызметкерлеріне берілетін төлемдердің жаңа тәртібін енгізу қарастырылған.

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік, индустриялық аймақтар, жануарлар дүниесі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, энергетика, табиғи монополиялар және ішкі істер органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», — делінген Ақорданың сайтында.

Қазір ІІО қызметкерлеріне жалға алған тұрғын үйі үшін өтемақы төленеді. Бұрын мүлікті сатып алуға мүмкіндік жоқ еді. Жаңа заң бұл қаражатты жалдау ақысын төлеуге де, ипотекалық бағдарламалар аясында тұрғын үй сатып алуға да мүмкіндік береді. Сонымен қатар, полицей қызмет кезінде қайтыс болған жағдайда оның отбасы ипотека шарты бойынша міндеттемелер орындалғанға дейін осы төлемдерді ала береді.

Сондай-ақ, жаңа заңда қауіпті өндірістік нысандағы апаттар мен жазатайым оқиғаларды тергеудің бірыңғай тәртібі белгіленеді, апаттар мен оқиғаларды тергеу жөніндегі комиссиялардың өкілеттіктерін, оларды құру тәртібі, тергеу жүргізілгеннен кейін ұйымдардың нәтижелері мен іс-қимылдарын тіркеу тәртібі нақтыланды.

Добавить комментарий