Қазақстанда 1 наурыздан бастап коронавирустың таралуы бойынша «жасыл» аймаққа кіретін өңірлерде спорттық жарыстарды жанкүйерлердің қатысуымен өтуіне және 50 адамға арналған еске алу шараларын өткізуге рұқсат берілмек. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева хабарлады.
Ол 24 ақпан күні өткен ВАК отырысында палата мен өңірлердің бірқатар ұсыныстары қабылданғанын айтты. «Жасыл» аймақта:
- спорттық жарыстар жанкүйерлермен өтуіне (жанкүйерлердің саны талқыланып жатыр);
- 50 адамға арналған еске алу шарасына (залдың 30%-ын ғана толтыра отырып);
- бильярд қызметіне;
- үй-жайлардағы балалар ойын-сауық клубтарының қызметіне;
- цирктердің жұмысына рұқсат етіледі.
«Сары аймақ үшін жексенбі күні базарлардың, сауда орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысына шектеулер алынып тасталды. Жалпы алғанда, санитарлық талаптарды сақтай отырып, барлық, тіпті жабық бизнес нысандарының жұмыс істеуіне рұқсат етіледі деген түсінік бар», — деді Юлия Якупбаева.
Естеріңізге сала кетейік, еліміз бойынша орташа көрсеткіш Қазақстанды «жасыл» аймаққа жатқызуға мүмкіндік береді. Карантиндік шектеу шараларының күшеюі немесе жеңілдеуі облыстың қай аймақта орналасқанына байланысты.