Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 50 ірі кәсіпорынды экологиялық қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуге арналған жаңа заманауи технологияларға ауыстыру жоспарланып отырғанын айтты.
«Қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін Экологиялық кодекстің негізгі бөлімдеріне тоқталғым келеді. «Ластаушы төлейді» қағидатының негізіне ластануды болдырмау және бақылау бойынша іс-шаралар жатады. Бұдан басқа, қоршаған ортаға келтірілген зиянды қалпына келтіруге бағытталған жауапкершілік қарастырылған. Осылайша, мемлекет табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұл төлеудің орнына қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау бойынша барлық шараларды қабылдау үшін жағдай жасауы тиіс», — деді ҚР Сенатының жалпы отырысында Мағзұм Мырзағалиев ҚР Экологиялық кодексінің жобасын талқылау барысында.
Бұдан басқа, экологиялық залал келтiрiлген жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқыда болған жағдайға дейiн қалпына келтiруге мiндеттi.
«Ең озық қолжетімді технологияларды енгізу шартымен бірінші санаттағы нысандар үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу ұсынылады. Сондай-ақ, жаңадан іске қосылатын кәсіпорындар үшін кешенді экологиялық рұқсаттар алудың міндеттілігі қарастырылды. Ең озық технологияларды енгізудің арқасында елдегі экологиялық ахуал жақсарады. Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургия, химия және электр энергетикасы салаларындағы ең ірі 50 кәсіпорынды ауыстыру жоспарлануда. Айта кету керек, осы 50 кәсіпорынға жалпы ластанудың 80% тиесілі», — деді Мағзұм Мырзағалиев.