
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның орта мектептерінің 3 мың 658 оқушысы оқу жылының басынан бері коронавирустық инфекцияға шалдыққаны туралы айтты.
Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов брифингте сөйлеген сөзінде:
“Оқу жылының басынан бері оқушылар арасында 3 658 КВИ жағдайы тіркелді, оның ішінде 994-і кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында, бұл офлайн режимде білім алушылардың жалпы санының 0,1%-ын құрайды. 2 664 – қашықтықтан оқитын балалар арасында”, – деді Шоранов. Сондай-ақ, ол коронавирустың салдарынан оқыту тәсілдері өзгергенін айтты. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі байланысты болдырмау үшін жаңа оқу жылы оқытудың жаңа форматында басталғанын еске салды.
“Өздеріңіз білетіндей, оқу жылы қашықтықтан оқыту форматында басталды, тек 1, 5 сынып оқушылары және оқушы саны 180-ге дейінгі мектептер оффлайн режимінде оқыды, одан кейін екінші тоқсаннан бастап оқытудың дәстүрлі форматына оқушылар саны 300 балаға дейінгі мектептер ауыстырылды, кезекші сыныптарда 1-ден 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде – 7 сыныпқа дейін оқуға рұқсат етілген”, – деп түсіндірді вице-министр. Үшінші тоқсаннан бастап бітіруші сыныптар үшін аралас оқыту форматы жоспарланған – бұл 9, 11 (12) сыныптар, сондай-ақ оқу жылының екінші семестрінен бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері үшін штаттық оқыту мүмкін болады.