Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың несие тарихын жаңартуға тым ұзақ кететінін мәлімдеді.
Осы мерзімнің созылуынан бір адам түрлі банктен бірнеше несие ресімдеуге мүмкіндік болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚСК мүшесінің банктерден кредиттік бюроға ақпарат жіберу мерзімін қысқарту туралы ұсынысын қарастыруды тапсырды.
Президент соңғы жылдары алаяқтықпен байланысты қылмыстардың саны өсіп келе жатқанын атап өтті. Биылғы жылдың тоғыз айында ғана елімізде алаяқтықтың 32 мың фактісі тіркелді, оның жартысы интернет арқылы жасалған.
«Мұндай жағдайлар несие тарихындағы өзгерістер 15 жұмыс күніне дейінгі мерзімде жаңартылатындықтан орын алады. Сонымен қатар, бір адамның түрлі банктен бірнеше несиені ресімдеген фактілер кездеседі. Несие берушілер азаматтардың борыштық жүктемесінің күрт өсуін көрмейді және оны объективті түрде есептей де алмайды. Оның үстіне, бұл өтімді емес қарыздар портфелін ұлғайта отырып, қаржы нарығының субъектілеріне теріс әсер етеді. Кеңес мүшесі Марат Шибутов бұған дейін кредиттік бюроға ақпарат жіберу мерзімін заңнамалық тұрғыда бір жұмыс күніне дейін қысқартуды ұсынған болатын. Бұл ұсынысты зерделеу қажет», — деді Мемлекет басшысы.