21 млн гектар жайылымдық жер тозған

Қазақстанда жайылымдық жерлердің тозу мәселесі өткір болып тұр, бұл ел экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Сенатор Сұлтан Дүйсембинов жалпы отырыста 21 млн гектардан астам жайылымдық жер тозып, жарамсыз болып қалғанын хабарлады.

Оның айтуынша, аграрилерге ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға көмектесу қажет. Қазіргі уақытта дамыған елдердің барлығы ауыл шаруашылығында кооперация тетігін табысты пайдалануда. Бұл ауылдық жерлерде еңбек өнімділігін арттыруға, қала халқын сапалы жəне арзан тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуге, тұрақты жұмыс орындарын ашуға зор септігін тигізеді.

«Бүгінде ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66%-ы өндіріледі. Бірақ мұндай орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, заманауи технологиялық процестерге тартылмай отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіру бойынша жүргізілген жұмыстар дұрыс үйлестірілмегендіктен нәтижелі болмай отыр», — деді сенатор.

Сұлтан Дүйсенбинов жер мәселесін ұлттық деңгейдегі маңызды жоба ретінде жүйелі түрде қарастырмаса жайылым мәселесі шешімін таппайтынын атап өтті.

«Дегенмен жайылымдық жерлердің тапшылығы барлық облыс бойынша бар. Мәселен Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында ауыл тұрғындары жайылымдардың жетіспеушілігінен зардап шегуде. Елді мекендерде малдың 80 пайызға жуығы ауыл шегінде және оның айналасында жайылатындықтан бұрын бөлінген шамамен 21 миллион гектар жайылымдық жер деградацияға ұшыраған», — деді Сұлтан Дүйсембинов. Сенатор жайылымның тапшылығын шешу үшін жайылымдарды ұзақ мерзімді басқару жөніндегі жоспарларды бекіту қажет екенін және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізу керек екенін айтты.

Добавить комментарий