2022 жылы зейнетақы мен жәрдемақы көтеріле ме

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылы 6,7 млн қазақстандықтың табысы артады деп күтілуде деп хабарлады.

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің артуы мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 млн адам кірісінің өсуіне әкеледі.

Ал ең төменгі жалақының ұлғаюы экономиканың барлық салаларында жұмыс істейтін 1,6 млн адам кірісінің өсуін қамтамасыз етеді, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын және айлық есептік көрсеткішті 5%-ға индексациялау жоспарлануда.

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 40%-ға артады

Нәтижесінде олардың мөлшері 36 018 теңгені және 3 063 теңгені құрайды, ең төменгі жалақы мөлшері 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылады (өсім 41%).

2022 жылға арналған республикалық бюджетте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға 4 трлн теңге, оның ішінде зейнетақы мен барлық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін индексациялауға 190,4 млрд теңге көзделуде. Бұл 4,2 млн адамның табысын арттырады, оның ішінде:

2,3 млн-ға жуық зейнеткерге ынтымақты зейнетақы мөлшерін 7%-ға (инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып) және базалық зейнетақы төлемін 5%-ға, жалпы сомасы 138,3 млрд теңгеге арттыру жүргізілетін болады;

1,9 млн алушыға әлеуметтік жәрдемақы жалпы сомасы 52,1 млрд теңгеге, 5%-ға арттырылады.

Бұдан тыс ЕТК деңгейінің өсуі атаулы әлеуметтік көмек алатын 900 мыңнан астам адамның кіріс деңгейіне де оң әсер етеді.

Қазақстанда 2022 жылы бюджет қызметкерлерінің жалақысы қалай көтеріліп жатыр

Еңбек министрлігінің мәлімдеуінше, 2023 жылға қарай мұғалімдердің жалақысы екі есеге өседі. Ал медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы 2024 жылға қарай екі есеге артады. 2022 жылдан бастап мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайлардың, орманшылардың, техниктердің және басқа жұмысшылардың жалақысы көтеріледі. Жалпы алғанда 1,2 миллионға жуық мемлекеттік қызметкердің жалақысы көтеріледі.

Министрліктің мәліметінше, 2021 жылдың үшінші тоқсанында орташа жалақы 243,7 теңгеге жетіп, өткен жылдың үшінші тоқсанынан 19% артық деңгейді көрсетті. Бұл ретте инфляцияны ескере отырып, нақты мәнде жалақының өсуі 9,8%-ды құрады.

Добавить комментарий