Атырау облысының әкімдігі ірі жобаның жабылуына байланысты Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңею жобасында жұмыс істейтін шамамен 39 мың адам жұмысынан айрылатынын айтты. Олардың 37 мыңы — Қазақстан азаматтары. Еңбек келісімшарттары 2022 жылдың соңына дейін тоқтатылады.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі: «Теңіз кен орнындағы еліміздің ірі жобалардың бірі — «Болашақ кеңею жобасы» — 2016 жылы басталды. Кез келген жобаның жоспарға сәйкес, басталуы және аяқталуы болады. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары 82%-ға аяқталды. Қазір онда 60 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр, оның 5 мыңы — шетелдіктер. Ал жобаға тартылған қазақстандық қызметкерлердің 40%-ға жуығы атыраулықтар».
Жобадағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігінің аяқталуына байланысты ТШО мәліметінше, 2022 жылдың соңына дейін шамамен 39 мың адамды босату болжанып отыр, оның 37 мыңы Қазақстан азаматтары. Шамамен 40 пайызы Атырау облысының тұрғындары. Қалғандары Қазақстанның өзге өңірлерінен келіп жұмыс істеп жүрген азаматтар.
Бұл мәселе облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Былтырдан бері босату болжанған қызметкерлерді жұмыспен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, энергетика министрлігі, ТШО компаниясының басшылығы сияқты тиісті органдармен ай сайын кездесулер өткізіліп ақпараттар алмасылып, жоспарлар пысықталып отырады.
Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 2 769 адам жобадан босатылды. Оның 1228-і — жергілікті тұрғындар. Аталған атыраулықтардың 785-і тұрақты жұмысқа орналастырылды, 19 адам басқа жобаларға ауыстырылды, 2 адам оқуға жіберілді. Тағы 210 адам әлеуметтік төлемдер алып жатыр. Қалған 212 адам өздері басқа жұмысқа орналасты.
2022 жылдың бірінші тоқсанында 2900-ден астам адамды жұмыстан шығару болжанып отыр, оның 1 270-і Атырау облысының тұрғындары. Босатылатын азаматтарды жұмыспен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атырау облысының әкімдігі өз тарапынан мемлекеттік бағдарламаларды («Еңбек», «ЖҚЖК», «ИИДМБ», «БЖК», «ӨДБ» және т.б.) іске асыру шеңберінде жыл сайын 12 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, облыста жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар аясында биыл және келер жылы шамамен 9 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделген», — делінген баспасөз қызметтің хабарламасында.